Жаңалықтар

7-сынып ата-аналарына арналған "Бағдарлау күні"

Лицей ұжымы 7-сыныпқа қабылданған ата-аналарға арнап "Бағдарлау күнін" өткізді. Іс-шара ата-аналардың лицейдің ағымдағы оқу жылына арналған жоспарымен танысуға, жаңа тағайындалған сынып жетекшілерді және тәрбиешілерді жақыннан тануға, сондай-ақ көкейде жүрген сұрақтарға жауап беруге бағытталды.
Кездесудің беташарын лицей директоры Тамер Гюр мырза ашты. Сөз барысында лицейдің 2023-24 оқу жылында атқарған жұмыстарын көрсетіп, ата-аналардың лицей атмосферасымен танысуына жағдай жасады.
Кейін 7-сынып оқушыларына жауапты сынып жетекшілер мен тәрбиешілер сахнаға шақырылып, жеке-жеке таныстырылды. Айта кетейік, биыл лицейімізде 7-сыныптардың саны төртеу. Барлығы да қазақ тілді сыныптар.
Ары қарай сөз тізгінін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Мереева алып, лицейдің оқу бағдарламасымен жіті таныстырды. Сабақ жүктемесінен бастап, үйірмелер, тамақтану сынды түрлі тақырыптарды қамти келе, лицейдің негізгі құндылықтары сапалы білім мен тәрбиеге жеке тоқталды.
Шараның келесі спикері директордың қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Ықылас Шермағамбет лицейдің ата-анамен байланысы туралы сөз қозғады. Ата-аналарға арналған әкелер волейболы, аналар клубы, Brain Rain интеллектуалды жарыстары, педконсилиум, спартакиада сынды жасалып жатқан түрлі іс-шараларды атап өтті.
Шараның соңы ата-аналардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріліп, қонақтарға жайылған дастарханнан дәм ұсынылды. Ата-аналар "шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, жаңа оқу жылының баршаға жемісті болуына тілекші болды".
Made on
Tilda